Алматылық семсерлесушілер Азия чемпионатында алтын тұғырдан көрінді
2026 жылғы 28 қазан мен 2 қараша аралығында Бахрейннің Манама қаласында семсерлесуден 23 жасқа дейінгі спортшылар арасында Азия чемпионаты өтті. Құрлықтық додада Алматының 11 спортшысы чемпиондар мен жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Георгий Тинников пен Жанарбек Жанұзақов шпагамен семсерлесуден Қазақстан құрамасы сапында Азия чемпионы атанды. Шешуші кездесуде қазақстандықтар Гонконг құрамасын 45:44 есебімен жеңді.
Қайша Жәнібек қылышпен семсерлесуден екі медаль жеңіп алды. Алматылық спортшы жекелей сында күміс жүлдеге ие болып, командалық жарыста алтын тұғырға көтерілді.
Апалы-сіңлілі Мария мен Полина Лесовская да екі жүлдеден еншіледі. Шпагамен семсерлесуден жекелей сайыста Мария күміс, Полина қола медаль иеленді. Командалық бәсекеде олар Каролина Фомина және Наталья Зиняковамен бірге күміс жүлдегер атанды.
Ғалым Нұрымов пен Тимофей Семёнов рапирамен семсерлесуден командалық жарыста күміс медаль жеңіп алды. Қайназар Нұрқатұлы қылышпен, ал София Актаева рапирамен семсерлесуден командалық сайыстың қола жүлдегері атанды.
Жарыс қорытындысында Қазақстан құрамасы үш алтын, төрт күміс және төрт қола — барлығы 11 медальмен жалпыкомандалық есепте екінші орын алды.



